Новости
Сүт безінің қатерлі ісігі туралы
05.02.2018

Сүт безінің қатерлі ісігі туралы

Қазіргі таңда сүт безінің қатерлі ісігі жалпы қатерлі ісіктер ішінде бірінші орын алып отырғаны белгілі.

Бұл аурудың көбеюінің негізгі себебі сүт безінің қатерлі ісік алды ауруларының уақытында анықталып, тиісті емдеу шараларының жүргізілмеуі болып табылады.

Сүт безінің ісік алды ауруларына тұтас емшек ауруы, берішті емшек ауруы, түйінді емшек ауруы, қуысты емшек ауруы және безберішті түйіндер жатады.

Бұл аурулардың пайда болу себептері жүктіліктің аз болуы, баланы емізудің аздығы, жыныстық қатынастың дұрыс болмауы салдарынан әйел ағзасындағы горманальдық тепе-теңдіктің бұзылуы болып табылады.

Осыған орай сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу шаралары осы ауруларды ерте анықтап, олардан оңалтуға бағытталады.

Тұрғындар арасында жиі кездесетін аурулардың алдын-алу мақсатында денсаулық сақтау министрінің 2009 жылдың 10-ы қараша күнгі №685 бұйрығына сәйкес жыл сайын Қазақстан халқына скринингтік тексерулер жүргізіледі.

Сүт безінің ауруларын анықтау мақсатында 40-70 жас аралығындағы жасы жұп сандағы әйелдерге флюромаммография жасалады.

Рентгенсәулелік түсірілімдер жергілікті мамандарының және облыстық онкология диспансерінің мамандарының қатысуымен тексеріліп, анықталған ауруларының тізімі белгіленеді. Анықталған аурулар әрі қарай тексеру және емдеу үшін онкодиспансерге жіберіледі.

Қай ауру болмасын ерте анықтап, емді дер кезінде жүргізсе, нәтижесі де соғұрлым жақсы болмақ.

Сүт безінің қатерлі ісік ауруын аурудың 1-ші немесе 2-ші сатысында жүргізсе науқастарды 100% жағдайда толық қанды жазып шығаруға болады, ал аурудың 3-ші сатысында бұл көрсеткіш 70-80% дейін төмендейді.

Аурудың 2-ші сатыдан 3-ші сатыға ауысуы 1,2 ондық көлемінде болады. Осыдан ақ емдеу нәтижесінің жақсы болуы үшін ауруды ерте анықтап емді бастаудың қандай маңызды екеніне көз жеткізуге болады.

Қазіргі таңда скринингтік тексерулердің нәтижесінде сүт безінің қатерлі ісік аурулары 90% шамасында ерте анықталып, толық емделіп шығуда.

Айта кетін бір жәйт әлі де болса арамызда өз денсаулығына жауапсыз қарайтын адамдардың көптігі.

Кейбір әйелдер скринингтік тексерулерден бас тартып жатса, кейбіреулері анықталған аурулары бойынша әрі қарай тексерулерден өтуге және емделуден үзінді-кесінді бас тартып жатады. Осы бастартулар кейін орны толмас өкінішке айналатынын өмірдің өзі көрсетуде.

ҚР Президенті Назарбаев Н.Ә. азаматтардың денсаулығы тек 10-15% жағдайды ғана денсаулық саласына, ал қалған жағдайларда азаматтардың өздеріне байланысты екенін атап өткен болатын. Әр азаматтың өз денсаулығы өзінің қолында екенін ескере отырып оларға жылда медициналық тексерістен өтіп тұруға кеңес береміз. Бұл үшін медициналық мекемелерде барлық жағдайлар жасалған, қажетті медициналық құрал жабдықтарымен қамтылған, маман кадрлар бар. Мекемелерде қатерлі ісік ауруларының алдын алуға бағытталған айлықтар, онкүндіктер, «ашық есік» күндері өткізіліп, санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіледі. Сезікті ауруларды кезектен тыс тексеру жолға қойылған.

Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеу мақсатында скринингтік тексерулердің мүмкіншілігін пайдаланып қалуға шақырамыз.

 

 

 

         

КМК «Жезқазған қаласының

емханасының» онколог дәрігері:                                   Т.Канапин